«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында балабақшамызда игі бастамаға толы ерекше күн өтті. Табиғатты аялау мен қоршаған ортаны таза ұстауды насихаттау мақсатында ұжым қызметкерлері , ата-аналар мен бүлдіршіндер белсене қатысып, аула аумағына гүлдер егіп, көркейту жұмыстары жүргізілді. Әсем гүлдер отырғызу арқылы балаларға еңбекқорлық пен табиғатқа жанашырлықтың маңызы түсіндірілді.
Шара барысында көтеріңкі көңіл күй сыйлаған әсерлі флешмоб ұйымдастырылып, қатысушылар бірлік пен белсенділіктің жарқын үлгісін көрсетті. Көңілді әуен ырғағымен билеген бүлдіршіндер табиғатты қорғауға деген сүйіспеншіліктерін паш етті.
Сонымен қатар қыз балалар бауырсақ илеп, оны пісіру үдерісіне қатысып, ұлттық тағамның дайындалу жолымен танысты. Қамыр илеп, бауырсақ пісіру арқылы олар ұқыптылыққа, еңбекқорлыққа және қазақтың дастарқан мәдениетін құрметтеуге баулынды.
Ал ер балалар нағыз қазақы тіршіліктің көрінісін көрсетіп, ағаш жарып, самаурынға от жағып, шай қайнатудың қыр-сырын меңгерді. Бұл жұмыстар арқылы балалар еңбек етуге, төзімділікке, ептілікке тәрбиеленіп, ата-баба тұрмысымен жақынырақ танысты.
«Таза Қазақстан» акциясы – тазалықты сақтауға үндейтін, экологиялық мәдениетті қалыптастыратын маңызды бастама. Осындай тағылымды шаралар арқылы жас ұрпақтың бойына туған жерге қамқорлық пен жауапкершілік қасиеттері сіңіріледі.